Scroll Top
Қазақстан мен Германия Қорғас аумағында халықаралық әуежай салу туралы келісімге келді.
Қазақстан мен Германия «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы аумағында халықаралық әуежайды бірлесіп салу туралы келісімге келді.

Хабарламаға сәйкес, бүгін, 16 қыркүйекте, Астанада Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Олаф Шольцтың төрағалығымен Қазақстан–Германия бизнес-форумы өтті. Іс-шара аясында халықаралық жүк-жолаушылар әуежайын Жетісу өңірінде салу жөніндегі Негіздемелік келісімді қоса алғанда, 23 құжатқа қол қойылды.

Аталған құжатқа Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен SKYHANSA компаниясының басқарушы серіктесі Юрген Грецбах қол қойды. Жобаға тартылатын жеке инвестициялар көлемі 500 млн АҚШ долларынан асады және 300-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылмақ.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта Жетісу облысы әкімдігі әуежай құрылысына арналған жер телімін бөлгені және инвестор Инвестициялық келісімге қол қойылғаннан кейін жобаны іске асыруды бастауды жоспарлап отырғаны хабарланды.

Жобаның тарихы

Жетісу өңірінде әуежай салу туралы жоспар алғаш рет 2024 жылғы наурыз айында белгілі болды. Сол кезде «SKYMAX TECHNOLOGIES» компаниялар тобының басшысы Ерик Шортанбаев жобаны таныстырып, «The Hansa Consortium» инвесторлары оны іске асыруға 250 млрд теңге көлемінде инвестиция салуға дайын екенін мәлімдеген болатын. Дәл сол кезеңде Жетісу облысы әкімдігі мен инвестор компания арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Халықаралық әуежай құрылысы жобасы 700 жұмыс орнын құруды көздеді. Сондай-ақ, әуежай жолаушылар мен жүк тасымалын қатар жүзеге асырады деп жоспарланған.

Ірі әуежай құрылысынан бөлек, инвесторлар Жетісу өңірінде шағын авиацияны дамытуды да жоспарлап отыр. Жоба сондай-ақ ілеспе инфрақұрылымды дамытуды қамтиды: 2032 жылға қарай әуежай аумағын кеңейту, қонақ үйлер мен сауда-ойын-сауық орталықтарын салу көзделген.

Халықаралық жүк-жолаушылар әуежайы 2027 жылы жұмысын бастауы тиіс. Ал 2032 жылға қарай жобаның екінші кезеңі аяқталып, қосымша инфрақұрылым нысандары – қонақ үйлер мен ойын-сауық орталықтары пайдалануға беріледі деп күтілуде.