Scroll Top
Italy–Kazakhstan Supply Chain Forum форумына қатысу

2025 жылғы 28 мамырда Астанада Italy–Kazakhstan Supply Chain Forum іскерлік форумы өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі, Қазақстан–Италия сауда қауымдастығы (ACIK) және Қазақстандағы Италия Республикасының Елшілігі бірлесіп ұйымдастырды.

Форумды Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов ашты. Ол өз құттықтау сөзінде Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-экономикалық байланысты кеңейтудегі бизнес-форумның маңыздылығын атап өтті. Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік мемлекет басшыларының күш-жігерінің арқасында қарқынды дамып келеді.

Энергетика, машина жасау, химия өнеркәсібі, фармацевтика және агроөнеркәсіп кешені сияқты салаларда табысты ынтымақтастық қалыптасқан. Өткен жылы екіжақты сауда көлемі 25%-ға артып, шамамен 20 млрд АҚШ долларына жетті, оның ішінде қазақстандық экспорт 18 млрд доллардан асты. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша тауар айналымы 4,4 млрд долларды құрады.

Сонымен қатар, Италия — Еуропалық Одақ елдерінің арасында Қазақстандағы ең ірі бес инвестордың бірі. Соңғы 20 жылда Қазақстан экономикасына 7,6 млрд АҚШ доллары көлемінде итальяндық инвестициялар тартылып, олар мұнай-газ саласы, «жасыл» энергетика, машина жасау және агроөнеркәсіп салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.

Форумға Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы атынан Басқарма мүшесі – Аппарат басшысы Асан Жәкішев және Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Диана Жақутова қатысты.

Іс-шара аясында Confindustria Kazakhstan компаниясының бас директоры Ливио Маццуокколомен жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар әрі қарайғы ынтымақтастық перспективаларын талқылап, B2B кездесулерін ұйымдастыру бойынша бірлескен жұмысты бастауға келісті. Сонымен қатар, ынтымақтастықты дамыту бойынша алдағы нақты қадамдарды белгіледі.

Айта кетейік, форум сауда және логистика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қатысты негізгі мәселелерді талқылауға арналған маңызды алаңға айналды, соның ішінде жеткізу тізбегі бойындағы өзекті тақырыптар да қозғалды.

Форум бағдарламасына панельдік сессиялар, табысты бизнес-кейстермен алмасу, инвестициялық мүмкіндіктердің таныстырылымы және B2B-кездесулер енгізілді.

Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдары, іскерлік қауымдастықтары мен сарапшылық өкілдері қатысты.
Көлік-логистикалық маршруттарды оңтайландыру және Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-инвестициялық байланысты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.